«Актер өмір бойы ізденісте болуы керек»
Елордалық Nomad City Hall театры — жас театрлардың бірі. Өнер ордасының құрылғанына биыл екі жыл ғана болды. Аз уақыт ішінде аталмыш театр көптеген табыстарға қол жеткізді. Шығармашылық ұжым комедиялық жанрдан бөлек, өзге де бағыттағы спектакльдерді өнер сүйер қауым назарына ұсынып келеді. «EL.KZ» порталының тілшісі Нұр-Сұлтан қаласындағы комедия театрының бас режиссері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиевпен сұхбаттасқан болатын.
— Қайырлы күн, Сайлау Ғалымжанұлы. Бас шаһардағы Nomad City Hall театры қашан және қалай құрылды? Әңгімемізді содан бастасақ....
— «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі өз жұмысын аяқтаған соң мұндағы біраз ғимараттар бірінен соң бірі босай бастайды. Сол уақытта Мемлекет басшысы қазіргі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл мекемелердің халықтың игілігіне берілуі жайында мәселе көтергені баршамызға белгілі. Арада көп уақыт өтпей ЭКСПО қалашығындағы бос ғимаратты елордадағы театрлардың біріне беруді жоспарлайды. Қателеспесем, нұр-сұлтандық театрлар бұл орынды онша ұната қоймаған болуы керек. Содан бұл орынды халықтың мәдени ошағына айналдырып, жұмысын жандандыру сынды мәселемен Тұрсынбек Қабатовқа хабарласады. Жалпы бұған дейін Тұрсынбек Аманғалиұлының Жастар сарайында орналасқан өзінің жеке бір театры болғаны естеріңізде шығар... Бірақ та сахналық базасы болмағандықтан көп уақыт өтпей ол жабылған еді. Сол кезде үлкен театр құру ойында болғанымен оны қолдай кеткен адамдар болған жоқ. Сондықтан бұл оның сол уақытта жүзеге аспай қалған бір арманы болып қалды деуге болады. Содан оған осы ұсыныс түскен бойда ол маған хабарласып, бірге театр ашуға ұсыныс білдірді. Өздеріңізге мәлім, оның қазіргі кезде «Әзіл-әлемі» атты театры бар. Онда жылына шамамен төрт-бес концерт береді. Ал, бұл театрда репертуардағы спектакльдерге күн сайын дайындық жұмыстары жүруі қажет. Аптасына бірнеше мәрте қойылымдар қойылуы керек. Менің сол уақытта Қазақ ұлттық өнер университетінде жеке актерлік курсым болды. Онда менен тәлім алған балалар еліміздің аймақтарындағы театрларға жұмысқа орналасуға кетіп жатты. Содан Тұрсынбек Аманғалиұлы екеуіміз бірге жаңа ғимаратқа келдік. Мұның ішін яғни залы мен сахнасын толықтай қарап шықтым. Расын да бұл концерттік сахнадан гөрі театр сахнасына көбірек келеді. Себебі акустикасы өте тамаша. Зал 900 көрерменге лайықталған екен. Әлбетте бұл театр үшін өте көп орын екені рас. Театрда негізінен ары кетсе 300 орындық болғаны дұрыс деп есептеймін. Бастысы сахнасы және оның құрылымы, техникалық жағдайы ұнады. Нәтижесінде Тұрсынбек Аманғалиұлы екеуіміз ақылдаса келе ғимаратты мәдени ошақ яғни театрға айналдыруға болатынына толық көзіміз жетті.
— Осыдан екі жыл бұрын яғни 2018 жылдың шілде айында «Экспо» көрмесінің аумағындағы «Nomad City Hall» залында Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұловтың қатысуымен арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, бас қалада тұңғыш комедия театрының ашылатынын жариялаған едіңіздер...
— Иә, дұрыс айтасыз. Ал, сол жылдың 1-ші қарашасында «Nomad City Hall» Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ресми түрде ашылған болатын. Бұл театрдың репертуарында комедиялық жанрдан бөлек, өзге де жанрдағы спектакльдер бар. Театр өзінің алғашқы көрермендерін желтоқсан айының 10-шы жұлдызында қабылдады. Майкл Фрейннің «Сахна сыртындағы шу» атты қойылымын біз «Театр 180 º» деп ауыстырдық. Бұл — біздің ең алғашқы премьерамыз. Бір айта кетерлігі, бұл комедия бағытындағы қойылым. Әуел баста директорымыз яғни Тұрсынбек Қабатов «мені халық юморист ретінде жақсы біледі. Сол себепті сол жанрдан бастасақ» деп ұсыныс айтты. Менде оған еш қарсылық болған жоқ. Сөйтіп, әзіл-сықаққа толы комедиядан бастадық. Майкл Фрейннің бұл шығармасы күллі әлемде сахналанып жүрген қойылым. Бірақ та қазақ тілінде еш уақытта сахналанбаған. Біздің көрермендер үшін тың дүние болсын деген ниетпен осы комедияға таңдау түсті. Көрермендер комедияда труппадағы актерлардың шым-шытырыққа толы қарым-қатынасын тамашалайды. Мұнда театр актерларының сахна сырты мен ішіндегі өмірі қызықты оқиғаларға құрылған.
— Қазіргі таңда шығармашылық ұжымда қанша әртіс қызмет етеді?
— Театрымызда жастардан бөлек, 20-25 жылдай театр сахнасында тәжірибесі бар актер мен актрисалар да қызмет етеді. Мәселен, театрымыздың жоғарғы санаттағы актері Бағлан Имангазинов 1998 жылдан бастап 2016 жылға дейін Көкшетау қаласының Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрында жұмыс істеген. Ал 2016 жылдың қазан айынан бастап бүгінгі күнге дейін елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Актер өнері және режиссура» кафедрасының оқытушысы болып қызмет етеді. Театрымыздың тағы бір актрисасы Гүлмира Жакилинаның да театр сахнасында 17 жылдық тәжірибесі бар. Оған қоса, қазіргі кезде Мәдениет қайраткері, Қостанайдағы І.Омаров атындағы театрда ұзақ жылдар бойы актер болып қызмет еткен Айбол Шәкіржанов пен Қостанай облыстық қазақ драма театрында 20 жылдан астам актриса болып, 40-тан астам сахналық бейнені жасаған Әсел Шәкіржановалар қазіргі кезде осы «Nomad City Hall» театрында жұмыс істеп келеді.
Байқағаныңыздай, ұжымымызда күні кеше ғана жоғары оқу орнын тәмамдағандармен қоса, оларға бас көз болатын, сахнаны толтырып жүретін тәжірибелі сақа актер мен актрисаларымыз да баршылық. Келешекте өзге де театрларда қызмет ететін мықты актер мен актрисаларды жеке рөл үшін шақыру ойымызда бар. Бір айта кетерлігі, біз театрлардың бір-бірімен шығармашылық аралас-құраласта болу қағидасын ұстанамыз. Жалпы қойылымды тек сол театр әртістері ғана ойнау керек деген ойдан аулақ болуымыз керек. Керісінше шығармашылық ұжымдар бір-бірімен араласуы қажет. Бір театрдың актері екінші театр қойылымындағы қандай да бір рөлді сомдап тұрғаны дұрыс деп ойлаймын. Мәселен, біз елордадағы «Жастар» мен «Қаллеке» театрларының тісқаққан актерларын шақырып, біздің шығармашылық құраммен бірге ойнаса деген жоспарымыз бар. Бұл жай сөз емес. Іс жүзінде де атқарып жатырмыз. Мәселен, алда болатын Дулат Исабековтың «Тыныштық күзетінде» әңгімесінің желісі негізінде құрылған спектаклі бар. Сол жердегі басты рөлге Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаевты шақырып отырмыз. Ол — Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының актері.
Жалпы біздің театрымызда қазіргі кезде отыз бір әртіс жұмыс істейді. Бұдан ары оның санын арттырудың қажеті жоқ. Қазіргі актерлардың кем дегенде екі-үш басты рөлі мен екі-үш негізгі рөлі бар. Біз яғни, басшылық тарапыпан барынша оларға жағдай жасап беруіміз қажет. Ал енді өз мүмкіндігін көрсете алмаған әртістермен дер кезінде қоштасып отыруымыз керек. Себебі бұл адамның тағдыры. Мәселен, жиырма жыл театрда жүріп қалғандықтан актерді ешкім шығарғысы келмейді. Болмаса ол әртіс өзіне «комфорт» жасап алады да, жұмыстан шыққан кезде «Қайда барамын?» деген сұрақпен бетпе-бет келеді. Тіпті депрессияға кетуі де әбден мүмкін. Бастысы кез келген әртіс әуелбаста өзінің потенциалын біліп, соған сай өмірдегі өз жолын таңдағаны абзал.
— Театр репертуарында қандай қойылымдар бар?
— Мұнда бас режиссер болып қызметке тағайындалғаннан кейін «Менің театрым», «Мен ғана қоямын» деген қағидадан бірден бастартқан болатынмын. Және оны бүкіл труппаға жеткіздім. Мен жылына бірнеше спектакль қоюуым мүмкін. Ал қалған уақытта мен труппадағы шығармашылық атмосфераны туғызушы және жаңартып отыртушы адам ретінде өзімді көремін. Ал репертуардағы спектакльдер саны шақырылған режиссерларға қарай артып отырады. Мен міндетті түрде режиссерлар шақырамын. Себебі труппа түрлі қолтаңбаны көруі тиіс. Яғни, көптеген режиссерлармен бірге жұмыс істеуі қажет. Сондай труппа ғана өте мықты болады әрі жан-жақты болып келеді. Жалпы кез келген режиссердің актерға берері, айтары өте көп деп есептеймін.
Ашылған сәттен қазіргі күнге дейін театр репертуарында он шақты спектакль бар. Солардың қатарында Марк Камолеттидің «Мерекелік меню» комедиясы және Брэндон Томастың «Чарлейдің әпкесі» атты музыкалық комедиясы, Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» мелодрамасы және т.б. бар. Сондай-ақ менің шәкірттерімнің ішінен режиссураға жақындары да бар. Оларда бірте-бірте өз қойылымдарының бастан-аяқ режиссері болып, көрерменге тамаша дүниелер ұсынуда. Мәселен, Р.Киплингтің «Маугли» ертегісін театр актері әрі режиссураға біршама ыңғайы бар Әли Бидахмет қойса, Уильям Шекспирдің хроникаларының озық туындысы саналатын әлемге танымал «Ричард III» реквиемін Фархат Молдағали, Дулат Исабековтың күлкіге толы «Әштен» комедиясын жас режиссері Нұржігіт Мүсілім қойған болатын.
— Сіздің пікіріңізше, театр спектакльдарының ішінде қайсысының орны бөлек? Қай спектакльді ерекше атап өтер едіңіз?
— Спектакльдердің ішінен маған ең айрықша ұнайтыны — режиссер Дина Құнанбайдың қойған «Қыз Жібек» лиро-эпосы. Осы қойылымды қоюға арнайы Дина Құнанбайды өзім шақырған болатынмын. Өте жоғары деңгейде шығаратынына мен кәміл сендім. Жалпы менің ойымнан шықты. Қателеспесем, осы уақытқа дейін шамамен жиырма шақты рет сахнада ойналды-ау деймін. Сондай-ақ мұндағы менің актерларымның ойыны маған қатты ұнады.
Тағы бір айта кетерлігі, спектакльде қазақтың сол кездегі ауыз әдебиетіндегі бай тілі бар. Мысалы, осы қойылымдағы әртістердің сөздерін тыңдаған сайын құлағымның құрышы қанады. Себебі біз қазір олай сөйлемейміз. Ол сөздер бізде мүлдем ұмытылған. Тіпті кей сөздер қазіргі кезде дөрекі болып естілетіні де рас... Ал бірақ ол біздің фольклорымыз ғой... Мен дәл сол дүниенің репертуарымызда болғанына өте қуаныштымын. Қазіргі кезде менің «фаворит» спектаклім әзірге осы «Қыз Жібек» лиро-эпосы болып тұр.
— Қазақстан бойынша гастрольдік сапарларға шығып, өнер көрсеттіңіздер ме?
— Былтыр репертуарлық саясатпен айналыстық. Өзіміздің ай сайынғы жаңа қойылымдарымызды сахналауға тура келді. Жыл сайынғы Франция сынды шетелдерде өтетін көптеген театр фестивалдеріне қатысу жоспарымызда болды. Ол жақта қандай форматта болатынынан өзім хабардармын. Бірақ, күллі әлемге таралған пандемияға байланысты бұл жұмыстардың барлығы бізде әзірше тоқтап тұр. Жұқпалы індеттің кесірінен біраз атқаратын жұмыстарымызды яғни жоспарларымызды өзгертуге тура келіп отыр.
— Шығармашылық құрамға келер болсақ, ұжымға әртістер қандай критерийлер бойынша қабылданады? Олардың бойында қандай қасиеттер болуы міндетті?
— Менің өзімнің жеке басымда әртістерді қабылдайтын уақытта «Бойы мынандай болуы керек», «Түрі осындай болуы қажет» деген сынды стандарттар болды. Бірақ қазір ондай нәрсенің барлығынан құтылған адаммын. Себебі театрдың актерлік құрамы әртүрлі болуы мүмкін. Яғни сан түрлі болуы керек. Яғни ол жерде арық та, семіз де, бойы ұзын да, аласа да барлығы да жүруі қажет. Біздің өмірімізде біз қандай алуан түрліміз сол сияқты актерлік құрамда тура өмірдегі адамдар сияқты сан алуан болуы шарт. Сондай-ақ қазіргі кезде сахнада ойлай алатын адам керек. Ал актердің түрі, бойы, әдемілігі, сұлулығы және т.б. сұраныста емес. Сахнада өнер көрсететін әртіс көрерменге ой айта білуі қажет. Оған қоса, театрға жұмысқа орналасуға келген әртістерден «Қоғамда болып жатқан жаңалықтардан хабары бар ма?», «Көзқарасы қандай?» сынды пікірлерін сұраймын. Өмірде болып жатқан құбылыстарға өзіндік пікірі бар, заман ағымымен ілесіп жүретін, жаңаша, тың ойлайтын әртістерден сахнада тұлға көресің. Жалпы бойында тұлғалық қасиеттері бар әртістерден сахнада жақсы образдар шығады. Бұған қатысты менің пікірім әзірше осындай. Бәлкім, алда өзгеріп те қалуы мүмкін. Көзқарасты өзгертпейтін адам болмайды ғой. Қазіргі күні осы театрдағы актерлерге қоятын талабым осындай.
— Репертуарлар қалай таңдалады? Көбінесе қай шығармаларға басымдық берілген?
— Репертуарға байланысты біз қазіргі кезде үш бағытты ұстанып отырмыз. Біріншісі, әлемдік қазақ классикасы. Екіншісі, заманауи драматургия. Үшіншісі, міндетті түрде қазақ драматургиясы. Қазіргі заманауи драматургия кішкене кенжелеп тұр. Оны жасырудың қажеті жоқ. Байқасаңыз, бізде драматургияға қарағанда проза жақсы бір жолға қойылған ғой. Бастысы осы үш бағытты әрдайым ұстауға тырысамын.
— Сіздің ойыңызша, шығармашылық адамдары өз білімдерін жетілдіріп, кәсіби тұрғыда өсу үшін қандай теоретиктердің еңбектерін оқуы қажет?
— Актер өмір бойы ізденісте болуы керек. Күні кешегі біздің аға-апаларымыз оқымай-ақ керемет дүниелерді жасап кетті. Өйткені олар көбінесе сахнадағы режиссердің жұмысы барысында өздерінің актерлік шеберліктерін шыңдады. Бірақ ол дәуір қалып, қазір жаңа дәуірге аяқ бастық. Бұл білім мен ғылымның кезеңі. Кешегі аға буынымыз тек әлемдік театр өнеріне төңкеріс жасаған ұлы реформатор К.С.Станиславскийдің жүйесімен білім алды. Одан кейінгі кезекте оның шәкірті, реформатор Михайл Чехов. Ол ұстазының жүйесін байытқан адам. Оның «Актердің техникасы» туралы үлкен ғылыми еңбектері бар. Мәселен, мен өз студенттерімді сол әдіс бойынша тәрбиелеуге тырысамын. Себебі К.С.Станиславскийдің жүйесі театр сахнасына көбірек ұқсаса, ал Михайл Чеховтың мектебі актерді театрмен қоса кино әлеміне де бейімдеуге үйретеді. Күнделікті дайындық басталардан бұрын актерлар осы әдістер бойынша дене қыздыру жұмыстарымен айналысады. Одан кейін жоспарда тұрған қойылымдарға дайындық жұмыстары басталады.
— Карантин уақытындағы театрдың жұмысы жайында айта кетсеңіз...
— Өзге театрдағы әріптестер секілді әлеуметтік желілерді тікелей эфирлер жүргіздік. Бірақ та біздің өз фишкамыз болды. Актерлар шағын бейнеқойылымдар түсіре бастады. Олардың біреуі Атырауда, ендібіреуі Нұр-Сұлтанда. Яғни барлығы респубиканың түкпір-түкпірінде болса да, керемет бір бейнеқойылым жасап шығарды. Мұнда бір әртіс ас үйде отырса, енді бірі қонақ бөлмесінде отырып, өз сөздерін айтты. Бір сөзбен айтқанда, өздері идеяны ұсынды, өздері түсірді, өздері монтаждады. Нәтижесінде көрерменге берер тәрбиелік мәні бар әдемі дүние шықты. Олар Оралхан Бөкейдің, Антон Чеховтың және т.б. әңгімелеріне осындай шағын бейнеқойылымдар жасады. Осылайша олар актер болып та, режиссер болып та жұмыс істеп, камера алдында киноактерлар сынды жұмыс істеді. Мұндай нәрсені еліміз бойынша бірде-бір театр жасаған жоқ. Біздің өзге театрлардан ерекшелігіміз осында болды.
— Алда қандай шығармашылық жоспарлар бар? Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, Шығыстың ғұлама ғалымы Әль-Фарабидің 1150 жылдығына орай театр көрермендерге қандай қойылымдар ұсынады?
— Репертуарымызда Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына «Әбу Насыр әл-Фараби» әфсанасы бар. Оның режиссері Әли Бидахмет пен Нұржігіт Муслимов, ал суретшісі Айнұр Есболатова. Әфсана күллі әлемге есімі атақты ойшылдардың балалық шағы мен жастық кезін баяндайды. Қойылым барысында бала Мұхамедтің өзгелерден ерекшелігі, ата-анасының перзентіне артқан үміті, оқу-білімге құмарлығы сондай өмірде өз жолын табуға деген талпынысын тамашалауға болады. Ұлы Абайдың мерейтойына орай «Япыр-ау, қайда махаббат» деген музыкалық драманы әзірлеп жатырмыз. Оның режиссері — белгілі театр режиссері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов. Бұл қойылым Абайдың 175-жылдығына орай 16-шы желтоқсан күні көрермен назарына жол тартады.
—Сұхбатыңызға рақмет. Шығармашылық мол табыстар тілеймін!