Skip to content

«Тәуелді»: терапиялық кеңістікке айналған сахна

Театр сахнасы шынайы өмірдің айнасы екенін жиі айтамыз. Кейде театр қоғам ашық айтуға қиналатын мәселелерді сахна тілімен сөйлетіп, көрерменді өз ойларымен бетпе-бет қалдырады. Елордадағы Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының жаңа премьерасы да осындай өзекті тақырыптарды арқау еткен. 19-20 маусым күндері көрерменге жол тартатын «Тәуелді» драматерапиясы қазіргі қоғамдағы тәуелділік мәселесін әлеуметтік-психологиялық қырынан зерделейді. Қойылымның өзегінде түрлі тәуелділіктің шырмауына түскен жандардың тағдыры жатыр. Спектакль кейіпкерлері бір терапиялық кеңістікте бас қосып, өз өміріндегі ауыр тәжірибелерімен бөліседі. Олардың әңгімелері арқылы тәуелділіктің тек адамның өзіне ғана емес, оның отбасы мен жақындарына да әсер ететін күрделі әлеуметтік құбылыс екені көрініс табады.

Қойылым деректі театр мен драматерапия элементтеріне негізделген. Мұнда тәуелділік жаман әдет немесе әлсіздік ретінде емес, адамның ішкі психологиялық күйзелістері мен шешілмеген жан жараларының салдары ретінде қарастырылады. Драматерапияның басты мақсаты мәселені ашық айтып қана қоймай, оның алдын алу жолдарына назар аудару және психологиялық қолдаудың маңызын көрсету.

Спектакльде тәуелділікке ұшыраған адамның өз мәселесін мойындауы сауығуға бастайтын алғашқы қадам ретінде көрініс табады. Кейіпкерлердің ішкі арпалысы мен өзін-өзі тану жолындағы күресі көрерменді де терең ойға жетелейді.

Қойылымның режиссері әрі пьеса авторы Нұржігіт Мүсілім. Театр актері ретінде қалыптасқан ол соңғы жылдары режиссер әрі драматург ретінде де өзін танытып келеді. Бұған дейін «Менің мұңым» және «Есте сақта» қойылымдарының авторы әрі режиссері ретінде көрерменге жақсы таныс.

Айта кету керек, театр репертуарындағы «Жылы мұң» драмасының негізіне айналған «Менің мұңым» пьесасы «Eurodram» Еуропалық театрлық аударма желісінің 2026 жылғы іріктеуінде үздік шығармалардың қатарына енді. Сонымен қатар театр репертуарындағы «Әштен», «Кішкентай ханзада», «Асан мен Үсен», «Армандар орындалады» спектакльдері мен Ozgeepic еркін шығармашылық алаңындағы «Есте сақта» қойылымы Нұржігіт Мүсілімнің жетекшілігімен сахналанды. Ал сахналанғалы отырған «Тәуелді» пьесасы жыл сайынғы «Drama.KZ 2026» заманауи драматургия фестивалінің шорт-листіне еніп, үздік 12 шығарманың қатарынан көрінді.

– Соңғы жылдары қоғамда тәуелділік мәселесі айрықша өзекті бола түсті. Бастапқыда қойылымға тәуелділіктің алты түрін енгізуді жоспарлаған едік. Алайда шығармашылық ізденіс барысында олардың барлығын бір спектакль аясында толық ашу мүмкін еместігін түсіндік. Сондықтан лудомания, гейминг және нашақорлық тақырыптарына тоқталдық. Дайындық кезеңінде психолог мамандармен кездесіп, олардың тәжірибесін зерттедік. Біз үшін тәуелділікті сырттай көрсету емес, оның адамның ішкі жан дүниесіне қалай әсер ететінін түсіну маңызды болды. Өйткені тәуелділік көп жағдайда адамның өміріндегі шешілмеген мәселелерден, балалық шақтағы психологиялық жарақаттардан бастау алады. Қойылымның драматерапия деп аталуының да себебі осы. Біз көрерменге дайын жауап ұсынбаймыз. Керісінше, оларды кейіпкерлермен бірге ойлануға, олардың жан дүниесіндегі арпалысты сезінуге шақырамыз. Спектакльдің камерлық форматта қойылуы да осы мақсаттан туындады. Бұл көрермен мен актер арасындағы шекараны азайтып, барлығын бір терапиялық кеңістікте отырғандай күйге енгізеді. Драматерапия бүгінде шетелдерде тәуелділікке ұшыраған адамдармен жұмыс істеудің тиімді тәсілдерінің бірі ретінде қолданылады. Осы қойылым арқылы біз қоғамдағы өзекті мәселенің алдын алуға назар аударып, тәуелділікке тап болған жандарды тереңірек түсінуге мүмкіндік бергіміз келеді, – дейді режиссер Нұржігіт Мүсілім.

Қойылымның ерекшелігін актерлер де атап өтті. Олардың айтуынша, спектакльдегі әр кейіпкер белгілі бір тәуелділіктің көрінісі ғана емес, соған алып келген себептердің де бейнесі.

Назар рөлін сомдайтын актриса Шапағат Ұзақбаеваның айтуынша, психологиялық қойылымдағы әр образ актерден терең дайындық пен ішкі ізденісті талап етеді.

– Әр рөлдің актер шығармашылығында өз орны бар. Ал психологиялық спектакльдегі кейіпкерді сахнаға шығару ерекше жауапкершілік жүктейді. Мұнда тек мәтінді айтып, әрекетті көрсету жеткіліксіз. Кейіпкердің ішкі әлеміне үңіліп, оның қорқынышы мен жан күйзелісін жүрекпен сезіну қажет. Назар бала күнінде ата-анасының және жақындарының мейірімі мен назарын жеткілікті көрмеген жан. Сондықтан ол өмір бойы сол жетіспеген жылулықты өзгелерден іздейді. Бұл бүгінгі қоғамда жиі кездесетін күрделі мәселе. Әсіресе қыз бала өміріндегі әкенің орны мен қамқорлығының маңызын осы образ арқылы тереңірек түсінуге болады. Осы рөлді сомдау барысында мен де әкеме деген құрметім мен сүйіспеншілігімді жаңаша сезіндім. Жалпы, мейірім мен қолдауға зәру жасөспірімдердің өмірде қателікке бой алдырып жататынын жиі көреміз. Егер қойылым арқылы бір ғана көрерменнің жүрегіне ой салып, оны айналасына жанашырлықпен қарауға жетелей алсақ, актер ретіндегі мақсатымыздың орындалғаны деп есептеймін, – дейді актриса.

https://qazaqculture.com/kk/news/a8a98da2-d4d8-4f29-ad1b-137889909e25