Қазіргі қоғамда тәуелділік мәселелері тек бір адамның әлсіздігі емес, тұтас әлеуметтік дертке айналған құбылыс ретінде қарастырылып келеді. Осы өзекті тақырыптарды арқау еткен «Тәуелді» драматерапиясы театрымызда көрермен назарына жол тартпақ. Премьераға ұсынылып отырған театрдың актері әрі режиссері Нұржігіт Муслимовтың «Тәуелді» пьесасы жыл сайынғы «Drama.KZ 2026» байқауының 12 үздік шығармасының қатарына енді. Театр репертуарында «Әштен», «Кішкентай ханзада», «Жылы мұң», «Асан мен Үсен», «Армандар орындалады» қойылымдары Н.Муслимовтың жетекшілігімен қойылды. Режиссердің кезекті жұмысы ерекше форматта өтпек. Себебі, қазіргі театр өнері классикалық шеңберден шығып, көрерменмен тікелей психологиялық байланыс орнатуда. Осы күнге дейін тек бақылаушы болып келген көрермен ендігі кезекте қойылым қатысушысына да айналып отыр. Жанр ретінде драматерапия әдісі халықаралық тәжірбиеде тәуелді адамдармен жұмыс істеуде тиімді әлеуметтік-психологиялық құрал ретінде кеңінен қолданылады. Қойылымның мақсаты – ауыр өмірлік жағдайға тап болған үш басты кейіпкердің оқиғалары мен олардың кәсіби психологпен сахнадағы диалогтары арқылы терапия форматындағы тәрбиелік әрі жаңашыл жобаны ұсыну.
Спектакльдің өзегінде әртүрлі кейіпкерлердің соның ішінде: лудомания, гейминг, нашақорлық тәуелділіктеріне тап болған тағдыр иелерінің өмірі жатыр. Сонымен қатар, драматерапия элементтеріне негізделген мұндай толық форматтағы қойылым осыған дейін театр сахнасында кең көлемде сахналанбаған. Аталмыш қойылым деректі театр, психологиялық драма және терапиялық практиканың тоғысқан жаңа көркем бағыты ретінде ұсынылмақ. Қойылым камерлық форматта сахнада өтпек, бұл көрермен мен кейіпкердің арақашықтығын азайтып, оқиғаны шынайы терапиялық сессия сынды сезінуге мүмкіндік береді. Қойылым премьерасы 2026 жылдың 19-20 маусымына жоспарлануда.





KZ